Зиятбек Меруерт
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Құрманғалиева Гүлмира Ғалымжанқызы
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
8-сынып оқушыларының зерттеушілік дағдыларын Абай шығармашылығы арқылы дамытудағы мұғалімдер жүргізген іс-әрекеттегі зерттеу жұмысының барысы қадам-қадаммен ұсынылады.
Рубрика: СТАТЬИ Дата: 07.12.2023
Әлем тарихында адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар бар. Адамдар сол тұлға арқылы оның ата мекенін, туған халқын, тілін таниды. Оның өмір жолымен, шығармашылығымен танысқан әр жаңа ұрпақ өзін мазалаған сан сұраққа жауап тауып, жаны жайланады. Адамзат үшін Абай – сондай санаулы тұлғалардың бірі.
Әрбір сауатты адам Абайдың шығармашылығын оқуы, елі үшін қызмет еткісі келетін адам Абай шыққан биікке талпынуы тиіс.
Абай «адам» деген ұғымды кең де терең түсінді. Оның түсінігінше, адам- ақылдылық пен имандылықтың, еңбексүйгіштік пен адалдықтың, әділдік пен білімділіктің жиынтығы. Абайдың айтуынша, күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Әуелі-надандық, екіншісі-еріншектік, үшіншісі – зұлымдық.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік - хайуандық.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады.
Зұлымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді. Адам бойындағы жаман қасиеттерді саралаған Абай адамгершілікті, әділеттілікті ең негізгі моральдық принцип ретінде ұсынады.
Абайдың осы ұстанымына сәйкес жасөспірімдердің өмірлік азығына айналатын Абай мұрасынан сусындату арқылы оқушылардың бойына болашақта қажетті дағдыларды сіңіру көзделді.
Жоба жетекшілерінің мақсаты – Абай шығармашылығы арқылы ұлттық дүниетаным мен ХХІ ғасыр дағдыларын дамыту. Ол дағдыларға сыни ойлау, әр түрлі дереккөздерден жинақталған ақпаратты іріктеу, жинақтау, тұжырым жасау, нұсқаулық талаптарына сай жоба жүргізу, тайм-менджмент - дедлайнға сәйкес жұмысты аяқтау, зерттеушілік және рефлексиялық дағдыларын жетілдіру.
Жобаның жаңашылдығы сандық ұрпақтың қызығушылықтарына сай Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінде айтылған ой, дәуір ерекшелігін зерттеп, зерделеу, Z ұрпақтың көзімен қара сөздерге комикс құрастыру.
Заманауи білім беру үдерісінде қолданысқа енген іс-әрекеттегі зерттеу (action research) жобасы арқылы оқушылардың қажеттіліктеріне сәйкес дағды қалыптастыру.
Қазақ тілі екінші тіл ретінде оқитын балалардың негізгі мәселесі – тілдері тым қарапайым, көркем әдебиетті түсінуде біршама қиналатын ортаның өз ойын әдеби тілде жеткізуге машықтандыру.
Іс-әрекетті зерттеу қалай жүргізіледі?
1. Проблемалы салаларды анықтау: Мұғалімдерде тәжірибе барысында туындайтын, жауап алуды қалайтын бірқатар өзекті сұрақтары болатыны сөзсіз, алайда сұрақтардың арасынан күнделікті жұмыста толғандыратын және оқушылардың қажеттіліктеріне қарай туындаған мәселені анықтап, жоспарлы түрде іс-әрекетті жүргізу маңызды. Бұл зерттеудің алғашқы кезеңі болып табылады. Жан-жақты жоспарлау зерттеуді бастағанда қателікті болдырмауға көмектеседі, әрі мәселені зерттеу барысында ынтамен жұмыс істеуге септігін тигізеді.
2. Әдебиетті пайдалану және шолу: Әдебиеттер көздеріне шолу жасаудың пайдалылығын және оны жасау керектігін растайтын үш негіз бар:
1. Сіз қызығушылық танытып отырған сала туралы белгілі бір жағдайлар туралы сізді құлақтандыруға және сізге осы саладағы басты идеяларды айқындауға көмектеседі.
2. Қазіргі бар әдебиетті іздестіру барысында сіз қаралып отырған мәселе мен басқа пәндік салалардың арасындағы өзара байланыс жөнінде түсінік аласыз. Осылайша, тақырып туралы едәуір қомақты білім аласыз, сонымен қатар сіздің осы тақырып бойынша біліміңізді тереңдете түсетін, зерттеуге әбден лайық жаңа салаларды анықтауға мүмкіндік аласыз.
3. Жұмысқа кірісіп, осы саланы зерттеумен айналысып отырған басқа да адамдардың әдістерін зерделеп, сіз олардың ортақ білімге қосқан үлестерімен танысасыз. Нәтижесінде әрбір зерттеуші тақырыпты қалай зерделегені туралы түсінетін боласыз.
3. Деректерді жинақтау: Деректерді жинақтау қандай іс-әрекеттер қабылдану тиістігін айқындауда маңызды кезең болып табылады.
4. Деректерді түсіндіру: Бұл дереккөздерді логикалық санаттарға ұйымдастыруға және топтастыруға жәрдемдеседі.
5. Деректермен жұмыс істеу: Іс-әрекеттегі зерттеудің эксперимент түрінде жүретіндігін ескеріп, тек бір ғана айнамалының өзгергені маңызды болып табылады.
6. Нәтижелерді бағалау: Жақсару бар ма екенін көру үшін зерттеудің ықпалы бағалануы тиіс, оны мынадай сұрақтарды қою арқылы анықтауға болады: Жақсару шын мәнінде болды ма және де алынған деректер мұны растай ма?
AR жобасына таңдалған тақырып:
Абайдың шығармашылығы арқылы 8-сынып оқушыларының зерттеушілік дағдыларын қалай дамытуға болады?
Неліктен осы тақырып таңдалды?
Тақырыптың таңдалу себебі: қазіргі жасөспірімдер еліміздің ұлы тұлғаларының шығармашылығымен таныс емес және оны түпнұсқада оқып түсінуде қиналады. Абай шығармашылығын Z ұрпақтың көзімен жаңаша талдау және интерпретация жасау арқылы оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту көзделді.
Күтілетін нәтиже:
Жоба түрі: ұзақ мерзімді / 7 ай (қазан-сәуір айлары аралығы)
Жоба 2 кезеңнен және талаптарды қамтиды.
І кезең: Мұғалімдер ұсынған сауалнама сұрақтарын толықтыру және сауалнама сұрақтарына өзіңіз жауап беріңіз және айналаңыздағы адамдар арасында сауалнама жүргізіңіз. Сауалнама жүргізу барысында төменгі шарттарды ескеріңіз:
1.Әртүрлі жастағы адамдар: мысалы, 12 жас, 15 жас, 18 жас, 25 жас, 30-45 жас, 50-65 жас, 70-80 жастағы адамдар.
2. Әртүрлі маман иелері: оқушы, дәрігер, құрылысшы, сатушы, мұғалім, күзетші, еден жуушы, т.б.
Сонымен, І кезең тапсырмасы:
Сауалнама сұрақтары:
Бұл кезеңде оқушылардың дамытқан дағдылары:
Бұл ретте оқушыларға талдауға берілген өлеңдер «Көзімнің қарасы», «Қыс», «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым».
Комикс – ағылшын тілінде comic – күлкілі деген мағына береді. Комикс – суретпен салынған хикая. Әдебиет және сурет өнерін ұштастырады. Бұл өнердің сан түрлі тармағы бар. Бірі графикалық роман тәрізді болса, енді бірі тіпті қысқа болады, оларды стрип деп атайды. Кей мемлекетте сурет салынған шығармалардың өзіндік атауы бар. Француз тілді елдер комиксті bande dessinée, яғни суретпен салынған лента десе, жапониялық комикс манга деп аталады. [2]
ХІХ ғасырда жазылған ұлы ойшылдың нақыл сөздері уақыт өте келе өз өміршеңдігін дәлелдеді, себебі Абай көтерген мәселелер бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Адам табиғатын зерттеп, талдап, артық-кем тұстарын көрсетіп, сынап, шешу жолын ұсынған ақын әр қазақтың жақсы жағына өзгеруін көздегені мәлім.
Абайдың барлық қара сөздері комикске келе бермейді, сондықтан да дәл адам табиғатын ашатын сөздерін алуды ұйғардық, оқушыға міндетті түрде таңдау беріледі. Себебі көңілінен шыққан дүниені ғана адам әрі қарай зерттегісі келеді, ықыласпен шығармашылығын дамытады.
Бұл жұмыстың мақсаты: Абайдың қара сөздерін оқып, түсініп, ой елегінен өткізу және қазіргі қоғамда Абай сынаған мінез-құлық, іс-әрекет, адам табиғатындағы жағымсыз әрекеттер кездесе ме? Уақыт пен кеңістікте шолу жасап, өзіндік тұжырым жасау. Жаһанданған дәуірдегі заманауи жасөспірімдердің санасына ұлттық дүниетаным мен қазақтың ашықтығы, қонақжайлығы, мақсатқойғыштығы, алға ұмтылу, сыни ойлау, еңбек түбі – береке деген идеяны жеткізу – жоба жетекшілерінің басты міндеті.
Қарасөз – арабтың «ғақлия» деген сөзімен мәндес.
Ғақлия - көркем сөз, дана сөз, асыл сөз деген мағынаны білдіреді. Талдауға ұсынылған қара сөздерге тоқталсақ, 4, 7, 15, 17, 18, 21.
Абайдың қара сөздері және өлеңдері адам табиғатын, сан қырлы мінез иірімдерін зерделеп, талдап, өзгеруді ұсынады.
Мысалы, 4 қара сөзінде: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды. Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» -деді. Осы сөздерден Абайдың өміріңді бос нәрсеге жұмсамай, талап қыл, еңбек ет, білім қу деген кеңесін түсінуге болады.[6]. Адам мінезіндегі мақтаншақтық, өсек айту, басқа адамның іс-әрекетін аңду сияқты жаман қылықтардан бойын аулақ ұстауға тәрбиелейді.
Мысалы, 7 қара сөзінде адам бойындағы тән құмары мен жан құмары туралы ойды айта келе, адамның бала кезіндегі әр нәрсеге қызығушылығы, айналадағы дүниені тануға құмарлығын құптайтынын түсінеміз. Автор идеясы бойынша әр адам рухани дамуға ұмтылып, дүниетанымын кеңейтуі тиіс.
Ал, 15 қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? [6]. Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?»-деуі қазіргі заманда кең таралған сабақтан кейінгі рефлексия, кез келген үлкен істі атқарғаннан кейінгі өз жұмысыңның нәтижесін талдау, ұтымды тұстары мен кемшін тұстарын саралауға үйрету емес пе?
17 қара сөзінде, Ғылым Ақыл, Қайрат, Жүрек үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке-жеке үшеуінде де кемшілік бар. «...Осы үшеуің басыңды қос, оның ішін де жүрекке билет», - деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», - дейді оларға ғылым. Дәл осы мәселе Абайдың өлеңіне де арқау болады.
«Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек» деген өлеңінде Абай:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарым есті «жақсы» демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,
Ғылым - сол үшеуінің жөнін білмек. [1].
Бұл сөздерді оқыған жасөспірім өз болашағына құнды мәлімет жинап, өз өмір ережелерін өзгертіп, алдына мақсат қояры анық.
Ал қысқа ғана 18 қара сөзінде: адамның әр түрлі әдетін әңгімелей келе, «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық»,- дейді. [6].
19 қара сөзінде: Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. [6].
Осы сөз арқылы Абай өскелең ұрпақтың ақ пен қараны ажырата алуына және жаңалыққа ашық болуына шақырады. Осы сөздің негізгі идеясына ақынның 5 дос және 5 дұшпан туралы ойы сәйкес келеді.
21 қара сөзінде басты мәселе етіп, адам бойындағы жаман қасиет – жалығуды алады. Адам баласы неден жалығады? Жалығу дегенді тек өмірдің құндылығын бағалай алмайтын адамдар ғана айтады. Өмірдің қызығы – байлық емес, бұл өмірде дәрежеге жету үшін әр адам ең алдымен жаман қасиеттерден (кербездік, мақтан, өтірік айту, дүниеқорлық, пасық сөйлеу т.б) арылуы тиіс.
Осы нақыл сөздерді оқып, талдап, комикс құрастыру арқылы оқушылардың:
- дүниетанымы кеңееді;
- сыни ойлауы дамиды;
- шығармашылық қабілеті артады;
-жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратады.
Бұл кезеңде оқушылардың дамытқан дағдылары:
Оқушылар ұлы тұлға шығармашылығын зерттеу нәтижесінде қазақ халқының болмысы, мәдениеті, дүниетанымы туралы түсінік қалыптастырып қана қоймай, сөздік қорын толықтырып, дамытты. Замандастарына зерттеу нәтижесін ілімдік комикстер жасау арқылы ұлы тұлғаның философиясын сандық форматта жеткізді.
Жалпы, жоба жүргізу барысында әрбір оқушының ой-санасы өсті, айналаны бақылауы, қабылдауы өзгерді, адам табиғатын түсінуі артты, адамгершілік құндылықтарды бағалай бастады деп нық сеніммен айта аламыз. Құбылмалы әлемде Абай тағлымынан сусындап, келер ұрпаққа жеткізу – ұстаздың міндеті.
Қолданылған әдебиет