Навигация

Қазіргі таңда баланың сөйлеу тілінің дамуына әсер ететін жағдайлар

Ташенова Алия Жанибековна
«№2 қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру» мекемесінің
педагог-логопеді

Бұл мақалады қазіргі танда шамадан тыс қолданатын ұялы телефонның балалардың сөйлеу тілінің дамуына тигізетын зияны мен оған деген тәуелділік туралы баяндалған.Соның салдарынан қазіргі ұрпақтың денсаулығы мен психикалық дамуындағы бұзылыстардың күннен артып жатқаны мәлімделген.Әсіресе баланың дамуына бірден себеп болатын отбасылық өзара қарым-қатынастың жойылып бара жатқаны сөз етілген.


Скачать файл

Рубрика: СТАТЬИ Дата: 30.09.2024


Фрагмент для ознакомления

Қазіргі таңда барлық жерде ұялы телефондар мен компьютерлерді қолдану аясының қарқынды дамыған уақыты. Жұмыста, қоғамдық орындарда және үйде телефонсыз өмір сүруді көз алдымызға елестетудің өзі қиын. Өйткені адамдар үшін үнемі бір-бірімен байланыста болу, төлем жасау, ақпарат алу өте маңызды. Әлем бойынша күннен-күнге дамып жатқан гаджеттердің адам баласына тигізетін зияны мен тәуелділігін бәрі білсе де, одан бас тарта алмайды. Тіпті кішкентай балалар туғаннан бастап қолдарына телефон алып, ғаламтордағы шамадан тыс ақпараттарды қызықтауда. Соның салдарынан қазіргі ұрпақтың денсаулығы мен психикалық дамуындағы бұзылыстар күн сайын артуда.

Нәресте ана құрсағында жатқаннан-ақ айналада болып жатқан дауыстарды естіп, ажырата біледі. Дүниеге келгеннен кейін анасының, әкесінің немесе әжесінің дауысын танып, сол дыбыстарға жауап бере алады. Бұл жақын адамдар баламен іш арқылы емес, бір-бірімен сөйлескен жағдайда болады. Алайда қазіргі адамдардың өмірі әлеуметтік желіде, үнсіздік жағдайда өтіп жатыр. Қарапайым отбасында кешке әкесі жұмыстан келіп, өз бетімен болады, анасы болса үйдегі күйбің тіршіліктен демалғысы келіп, өз әлеміне кетеді. Осылайша, бала әлі туылмай тұрып, қарым-қатынастан айырылады.

Бұрын сәбилер туғаннан бастап бір жастан асқанша, өз бетімен манежде тұрып, бөлме арасында еңбектеп жүретін. Үйдегі мысықтармен ойнауға тырысты. Бір жерін тырнап алса, жылап, ата-анасының жұбатуымен тынышталатын. Содан кейін жатарда бесік жырын естіп, тәтті ұйқыға бататын. Бір сөзбен айтқанда, ересектер балаларға назар аударып, жанашырлық танытып отыратын. Нәтижесінде олардың өзара байланыс жасауы жүзеге асты. Осы кезде баланың тілін түсіну үшін әрекеттер жасап, олардың дамуына керемет мүмкіндіктер туғызатын. Ал қазір ше? Аналар телефонда отырады, бала арбаға байланады. Аулада серуендегенде балалар өз бетімен ойнайын десе, барлық жерде лас, қауіпті деп санайды. Қазіргі үйлерде әртүрлі заманауи дамытатын ойыншықтар, алаңдататын заттар көп. Мұның бәрі баланың қоршаған әлемді өз бетінше тануына жол бермейді. Өйткені бәрі дайын түрде жасалған.

Бір жастан үш жас аралығы - бүлдіршін өз бетімен тәй-тәй басып, шауып жүргенде ата-анасы қолынан ұстап, құмсалғышпен бірге ойнап, бір-бірімен тығыз байланыста болатын мезгіл. Сондай-ақ бұл - белсенді қарым-қатынас нәтижесінде сөйлеу қабілеті артып, мидың тиісті аймақтары дамитын кезең. Бірақ бұл уақытта балалар көп уақытты телефонмен өткізеді. Оның гаджеттерге деген тәуелділігі артады. Себебі планшеттік ойындарда тек көз тартатын суреттер мен елең еткізетін музыкалар қаптап тұр. Олар балаларды қатты қызықтырып, өзіне жіпсіз байлайды.

3 жастан 5 жасқа дейінгі уақытта бұрын балалар аулада немесе алаңда ойнап жүрді, анасына немесе әкесіне қолынан келетін жұмыс жасауға көмектесті, ата-анасымен бірге қыдырды. Сәті түссе, баланы екі апта бойы ауылдағы атасы мен әжесінің қасында қалдырды. Жергілікті балалармен сыртта ойнап, керемет әсер алатын. Қазіргі уақытта балалар экраннан мультфильмдерді көреді, гаджетпен ойнайды, анасының бақылауымен жүреді. Бұндай “зиянсыз” болып көрінбейтін әрекет балаларға да, ата-аналарға да қолайлы болды. Бала ата-анасына жабыспайды, ештеңе сұрамайды, бұзақы болмайды. Десек те балаға жаңа бейнефильмдер, ойындар сатып алғанда, ата –аналар оның дамуына қамқорлық жасайды және қызықты нәрсемен айналысуға тырысады деген пікірде болады. Экран әжелердің ертегілерін, анасының бесік жырын, әкесінің пайдалы әңгімелерін толығымен ығыстырады.

Соңғы жылдары ата-аналар да, мұғалімдер де баланың сөйлеу тілінің дамуындағы кешеуілдеуге: яғни балалар кеш сөйлей бастайды, олардың сөйлеуі анық емес, сөздік қоры аз, өз ойларын білдіру үшін сөйлемдерді әрең құрайды деп көбірек шағымдануда. Өйткені баланың бар назары экраннан көрген нәрсесін қабылдауға, оны бойына тез сіңіруге аударылады. Экранның алдында отырған бала үнемі айтылған дыбыстарды ғана естиді. Олай болса, баламен, ересек адаммен немесе мультфильм кейіпкерімен сөйлесудің айырмашылығы неде? Айырмашылық өте үлкен.

Өйткені сөйлеу - бұл басқа адамдармен өзара байланыс жасағанда дамитын үрдіс. Ол адамдардың сөздерін естіп, оған жауап береді. Сондай-ақ ол тек есту және артикуляция арқылы ғана емес, сонымен қатар оның барлық әрекеттерімен, ойларымен және сезімдерімен де байланыста болады. Ал экраннан естілген дыбыстар қарым-қатынас болмаған жерде “бос” дыбыстар жиынтығы болып қала береді. Балалар сөздерді тек естіп отырғандықтан, үндемеуді жөн көреді немесе айқаймен, қимылдармен түсіндіреді.

Соның кесірінен көптеген балалар алдыңғы сөйлемді есте сақтап, жеке сөйлемдерді мағынасын түсінсе де, бір-бірімен байланыстыра алмайды. Заманауи технологиялар да мектеп оқушылары арасындағы сауатсыздықтың арттыруына себеп болуда: мысалы, дисграфия (жазудың бұзылуы) мен дислексияның (оқудың бұзылуы) пайда болуы.

 Баланың телефон ұстауын мүмкіндігінше кешіктіру керектігін білу маңызды. Одан да балалар сурет салсын, ойнасын, құрастырсын, мүсіндесін, бір нәрсе ойлап тапсын, бір-бірімен сөйлессін. Шынайы өмір сүрсін. Белсенді қимыл-қозғалыстағы ойындар олардың жүйке жүйесіне оң әсер етеді, сөйлеу моторикасының дамуына ықпал етеді және жағымды эмоцияларды қалыптастырады. Басқа балалармен қарым-қатынас жасауды үйренеді.

Есіңізде болсын! Компьютерлік технологиялар адамның алдында үлкен мүмкіндіктер ашады, бірақ олар ешқашан баланың құрдастарымен, ата-аналарымен және жақындарымен қарапайым эмоционалды қарым-қатынасын алмастыра алмайды. Компьютер қазіргі уақытта қолжетімді. Бала оны уақыты келгенде қолдануды үйренеді. Оған асығудың қажеті жоқ. Балалық шақ компьютермен емес, шынайы болуы керек.


Скачать файл