Амантаева Гульфарида Керимбиевна
Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің "№2 жалпы білім беретін мектебі" КММ
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Мұғалімнің орны, рөлі, баланың өмірге деген көзқарасын қалыптастырудағы әсері қандай екендігі жайлы айтылады.
Рубрика: СТАТЬИ Дата: 29.05.2024
Ұстаз мәртебесі... Оны қалай түсінуге, сипаттауға болады? Ол қайдан келеді? Қалай мәртебелі ұстаз атануға болады? Сұрақ көп... Жауап табу қиын. Осы сұраққа жауап табу үшін өзімнің қазағым тұрғанда басқаларды қайтейін деген оймен қазақтың білім саласындағы екі абаданы Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынов шығармашылықтарына жүгінуге тура келді. Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі», деп айтқан екен. Егер Қазақстанды тұтас бір ағза ретінде алып қарар болсақ, сонда оның жүрегінде кілең мұғалімдер шоғырланған болды ғой. Бұл мұғалімдерге ой салу керек...
Ахмет Байтұрсынұлының мұғалімнің мектептің жаны екендігі жайлы айтқан ойы бар екені белгілі, ал жанды ештеңемен салыстыруға келмейтінін тағы білеміз. Жан жоқ болса, біз де жоқпыз. Осыдан келіп, мұғалімнің орнын, рөлін, баланың өмірге деген көзқарасын қалыптастырудағы әсерінің қандай екенін біле беріңіз.
Ұстаздың ұлы тұлға екенін мойындамасқа болмас. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. Сол себепті мен үшін мұғалім мәртебесі де сол қатардан орын алары сөзсіз... Оқушы тілімен айтар болсақ, құрмет те, мәртебе де көзге көрінбейтін, тек жүрегіңмен, жаныңмен сезінетін дүниелер. Құрметке ие бола білу, мәртебелі бола алу - тар жол, тайғақ кешумен тең. Тақырыпқа оралсақ, баланы басқа адамдар өмірге әкелгенімен, шын мәніндегі баланың «өмірге келуі», яғни қалыптасуы көп жағдайда ұстазға байланысты. Бала өмір сүруге қажеттінің бәрін ұстаздан үйренеді.
Осындай асыл, құнды мәселе қозғалып жатқанда кейбір адамдардың ұстазға мемлекет тарапынан мәртебе берілсе, сыйы артар еді, жалақысы көбейсе, жақсы оқытар еді, бос уақыты көп болса, ізденер еді дегенге сену қиын. Мұғалім өзінің мектептің «жаны» екенін сезінгенде, оған, шын мәнінде, жалақы да, бос уақыт та себеп болмай қалады. Мұғалім өз жұмысы туралы, мектеп жайлы, онда болып қиындықтар туралы қисынсыз ойлар айтпауы керек. Басқалар мектепте не болып жатқанын қайдан біледі? Оны тек мұғалім біледі...
Ұстаз мәртебесінің көтерілуі тек ұстазға байланысты. Ол сырттан келетін дүние емес, мәртебе дегеніміз - жоғарыда айтқандай, мұғалімнің жаны, жүрегі. Мұғалімнің өзге жаны, өзге жүрегі жоқ шығар. Сол жүректен шығатын ұлтына деген, ұлт болашағы болатын балаға деген махаббаты асып-тасып тұруы керек. Махаббаттың бір жақты болмайтыны белгілі, сондықтан ұстаз жылуы бала жүрегіне жетіп, жанына қозғау салғанда, бала тарапынан кері байланыс орнап, лаулағанда ғана, ұстаз мақсатына жетті деп айтуға болады. Ұстазын жан-тәнімен, жүрегімен сезінген бала білімнің мәртебесін де, қажеттігін де түсіне алады, оның қажеттігін сезіне алады. Егер бала осыны сезіне алса, тәуелсіздігімізге еш қауіп төнбейді.